Көкшетаулық балуан Мұхтар Усин Болгарияда өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі берген мәліметтерге қарағанда Болгарияның Пловдив қаласында ардагерлер арасында өткен байрақты додаға Қазақстан ұлттық құрамасы сапында болған Ақмола облысынан төрт палуан қатысты. Оның ішінде көкшетаулық Мұхтар Усин 70 келі салмақта грек-рим күресі бойынша боз кілемге шықты. Алғашқы белдесуде жерлесіміз 4-1 ұпаймен ирандықтан басым түсті. Ал, жартылай финалда әлемнің 5 дүркін чемпионы француздық Георгий Христовқа есе жіберіп алды. Қола медаль үшін күресте алаң иесінен 1-0 ұпайы айырмасымен айласын асыра білді. Осылайша, тартысты белдесуде Мұхтар Усин үшінші орыннан көрінді.
"Менің алаң иесін 1 ғана ұпай санымен жеңдім. Бұл мен үшін соңғы үш чемпионаттағы ең ауыр белдесу болды", - деді Мұхтар Усин.
Мұхтар Усин Көкшетаудағы №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры.