90-ға жуық отандық кәсіпорын Қытайға құс етін экспорттайды

208

ҚР Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР Бас кеден басқармасының басшысы Сунь Мэйцзюнь осындай хаттамаға қол қойды.  

90-ға жуық отандық кәсіпорын Қытайға құс етін экспорттайды Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Екі ел өкілдері құс етін импорттау және экспорттау кезінде ветеринариялық-санитариялық тексеру туралы келісімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Аталған құжат ведомство тарапынан еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін, әсіресе, Қытай бағыты бойынша, жүйелі түрде арттыру жұмыстарының нәтижесі. ҚХР-да қазақстандық мал шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жоғары", – деп жазылған министрлік хабарламасында.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, 10,5%-ға өсті. Соның ішінде экспорт көлемі 1,05 млрд долларды құрады.

Экспорт құрылымының негізін жем-шөп, дәнді және майлы дақылдар, өсімдік майлары құрады: 2024 жылы ҚХР-ға жем экспорты 485%-ға, өсімдік майлары – 26%-ға, рапс майы – 57%-ға артты.

2025 жылғы қаңтар-наурыз аралығында АӨК өнімдерінің өзара сауда көлемі 430,5 млн долларды құрап, 45%-ға өсті. Оның ішінде экспорт көлемі 301,9 млн долларды құрады (өсім – 42%).

Ауыл шаруашылығы саудасы саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында 2024 жылғы қарашада Уақытша жұмыс тобы құрылды. Қазақстан тарапы қолданыстағы ветеринариялық және фитосанитариялық хаттамаларды өзектендіруді, қазақстандық мал шаруашылығы кәсіпорындарына инспекция жүргізуді, сондай-ақ күріш, мақта тұқымы, бақша дақылдары мен маш өнімдерін Қытай нарығына экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.

Басты басымдықтардың бірі – дәнді дақылдар экспортының көлемін ұлғайту. Соңғы екі жылда (2023/2024) ҚХР-ға жыл сайын 1,4 млн тонна астық жөнелтілді. Ал 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта экспорт көлемі 27%-ға артып, 1,859 млн тоннаны құрады.

Бұған дейін 2019 жылғы келісім бойынша, 2500-ге жуық қазақстандық кәсіпорын Қытайға тауар экспорттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу