Қазақстандық актер Александр Черепанов Нью-Йоркте өткен халықаралық кинопремияда марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық киноны қолдау орталығының жазуынша, "Шатырдағы екеу" фильмі Нью-Йорктегі Oniros Film Awards®️ халықаралық кинопремиясында екі номинация еншіледі.
"Фильмде аутизмге шалдыққан жасөспірім Костяның рөлін сомдаған Александр Черепанов "Жас актер" номинациясын алды. Сонымен қатар Гүлшат Смағұлова "Режиссер-дебютант" аталымы бойынша финалистер қатарынан табылды", – делінген хабарламада.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.
Осыған дейін бұл фильм Үндістанда өткен "Алтын арыстан" (GLIFF) халықаралық кинофестивалінде екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Фильм үздік толықметражды фильм деп танылып, Best Debut Filmmaker Of Feature Film номинациясында жеңіске жетті.
"Шатырдағы екеу" – режиссер Гүлшат Смағұлованың тұңғыш режиссерлік дебюті. Өткен жылы фильм қазақ және орыс тілдерінде прокатқа шыққан. Мұнда тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достық суреттеледі.