Отандық әскерилер 30 жылдан бері бітімгершілік операцияларға қатысып келеді

394

Сенат Мәжіліс қабылдаған "2007 жылғы 6 қазандағы ҰҚШҰ бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңды мақұлдады. 

Отандық әскерилер 30 жылдан бері бітімгершілік операцияларға қатысып келеді Фото: inbusiness.kz

Тиісті хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбеде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылған, деп жазады inbusiness.kz.  

"Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында Ұйымның  бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі нақты айқындалған. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылығының мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады", - деді құжатты таныстырған сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Ол үйлестіруші мемлекет БҰҰ қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайтынын, әрбір мемлекет БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысуы ерікті және қатысу дәрежесін дербес шешетінін атап өтті.

Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгершілік процесінің белсенді қатысушысы.

Бұдан бөлек сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Қазақстанның әскери қызметшілері 30 жылдан бері бітімгершілік операцияларға қатысып келеді. 

"Біріккен Ұлттар Ұйымының Непал, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметшілер қатысты. 9 мыңнан астам әскери қызметшіміз Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғау міндетін атқарды. "Қазбат" қазақстандық бітімгершілік батальонының инженерлік-саперлік жасағының құрамында 300-ден астам әскери қызметші Ирактағы миссияны орындады. ҰҚШҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің әскери қызметшілері таяу және алыс шет елдердегі ішкі және ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуына және оларды жоюға дәл солай қатысады", - деді депутат.

Ол 2022 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде ұйымның ұжымдық күштерін БҰҰ бітімгершілік қызметіне қосу туралы бастама көтергенін еске салды.

"Осы бастаманы іске асыру үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады", - деп толықтырды Бибігүл Жексенбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу