Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Мәжілісте өткен комитет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Астықтың экспорт географиясы бүгінде әлемнің 45 елін қамтып отыр. Отандық астыққа деген тұрақты сұраныс сақталып отыр. Соңғы бес жылда алғаш рет Иранға – 1 млн тонна, Әзербайжанға 730 мың тонна астық жөнелтілімі қайта жанданған болатын. Бұл алдыңғы көлемдерден ондаған есе артық. Сонымен қатар біздің елге дәстүрлі емес бағыттар – Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания сияқты еуропалық елдердің нарықтарына да жүзеге асырылуда", – деді вице-министр.
Ведомство перспективалық басым бағыт ретінде бірнеше бағытты белгілеген.
"Бұл бірінші Солтүстік Африка елдері, екінші Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, сонымен қатар Араб елдеріне астық экспортын көбейту бойынша да біраз жетістіктеріміз бар. Марокко, БАӘ, Вьетнам елдері тарапынан да қызығушылық артып отыр. Аталған елдерге шамамен 180 мың тонна астық жөнелтілді", – деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, экспорт көлемінің рекордтық өсіміне астықты тасымалдау шығындарының субсидиялау шаралары оң әсерін тигізген.