Отандық банк ЕАЭО резидентіне несие бермес бұрын оның қаржы жағдайын бағалайды

425

ЕАЭО елдерінің 1869 азаматы Қазақстанда несие рәсімдеген.

Отандық банк ЕАЭО резидентіне несие бермес бұрын оның қаржы жағдайын бағалайды

Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов  айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Жаппай несие беру болмайды. Отандық банктер де несие берердің алдында заемщиктің қаржылық жағдайын бағалайды ғой. ЕАЭО резиденттері Қазақстан банктеріне өтінім берсе, банк ол адамның қаржылық жағдайы жақсы болған кезде ғана несие береді", - деді ол.

Олжас Қизатовтың сөзінше, берілетін несиенің көлеміне байланысты шектеу жоқ. Бұл несие беруге өтінім берген адамның төлем қабілетіне, кірісіне байланысты, деп атап өтті спикер.

Тілшілер Олжас Қизатовтан одаққа мүше ел азаматы Қазақстан банкінен алған несиесін төлей алмаса, қаржы қалай өндіріп алынатынын сұрады.  

"Өзге елдің резиденті Қазақстан банкінен несие алып, оны төлей алмай қалса, Қазақстанның банк заңнамасы бойынша жұмыс істейміз. Бұл енді стандартты банк тәжірибесі. Әр банктің ішкі несие саясатына байланысты", - деді ол.

Спикер ЕАЭО-ның әр елінде несие ставкасы әртүрлі екенін жеткізді.

"Бірақ енді қалай болғанда да, инфляциялық процестер елімізбен бір деңгейде болады. Сыйақының жылдық мөлшерлемесі бір-бірінен қатты ерекшеленбейді деп ойлаймын. Мәселен, Ресей Федерациясын алайық, онда ставка төмен болса, қазақстандықтар сол елге қашады деп неге ойлайсыз? Олар (ред. – ЕАЭО елдерінің банктері) несие берердің алдында қарайды ғой. Оңды-солды несие бере бермейді. Қалай болғанда да заемщиктің сол елде белгілі бір экономикалық тұрғыдан белсенділігі болу керек. Ол сол елден кіріс алу керек, жұмыс істеу керек. Сонда оның банктен несие алуға мүмкіндігі бар", - деді спикер. 

Айта кету керек, осыған дейін Сенат ЕАЭО аясында несие тарихы бойынша мәлімет алмасу құжатын мақұлдағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу