ESGQ рейтинг агенттігінің директоры Ерлік Қаражан Сенатта өткен Парламенттік комиссия отырысында отандық бизнеске ESG трансформациясы бойынша бірқатар ұсынымдар берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Инвестициялау тәуекелдерін бағалау үшін бизнес субъектілерінің міндетті минималды, бірақ стандартты электрондық есептілігін енгізген жөн. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, компаниялар әлі күнге дейін ESG бойынша күн тәртібін орындамай келеді, оны соншалық маңызды деп есептемейді. Алайда мұны уақыттың өзі талап етіп отыр. Екіншіден, нарыққа бизнестің елдік стратегиялық мақсаттарға қосқан үлесін бағалау үлесін мемлекет қалай бағалайтыны жөнінде ұстанымын көрсету қажет", - деді Ерлік Қаражан.
Спикер ESG бойынша тәуелсіз сарапшылар қауымдастығымен тиімді диалог құру маңызды деп санайтынын жеткізді.
"Қазақстандық бизнес ESG деген не екенін, осы мәселемен қалай жұмыс істеу керегін түсінбей жатқанын жиі көреміз. Сол себептен бұл тақырып кеңінен насихатталып, ақпараттық және білім беру жұмысы жүргізілуі қажет. Жұмыстың бастапқы сатысында ESG трансформация қымбат болып көрінуі мүмкін, алайда алдағы жұмыс үшін бұл өте маңызды", - деп атап өтті ESGQ рейтинг агенттігінің директоры.
Айта кету керек, осыған дейін KPMG зерттеуі компаниялардың корпоративтік басқаруды енгізуге мүдделі емес екенін көрсеткенін жазған болатынбыз. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев инвесторлар экологиялық жауапкершілікті сезінетін компанияларға басымдық беретінін айтты.