Дубай қаласында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы Каспий теңізінің әзірбайжандық секторында өзі көтерілетін қалқымалы "Satti" бұрғылау қондырғысын бірлесіп пайдалану туралы келісімге келді, деп жазады inbusiness.kz ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Келісім "Satti" қондырғысын пайдалана отырып, Каспий теңізінің әзірбайжандық бөлігіндегі Shallow Water Absheron Peninsula құрылымында 2 барлау және 1 опциондық ұңғыманы бұрғылауды көздейді", – деп жазылған хабарламада.
"Satti" қондырғысы – бұл Қазақстанда құрастырылған алғашқы теңіздегі бұрғылау қондырғысы. Ол Каспий теңізінде 80 метрге дейінгі тереңдікте бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған.
Еске сала кетейік, 2019 жылғы 19 маусымда "Satti" қондырғысы "KMG Drilling&Services" ЖШС мен "Caspian Drilling Company Ltd" арасындағы сенімді басқару келісімшартының аясында Баку қаласына жеткізілді. Келісімшартқа сәйкес бұрғылау қондырғысы жетілдірілетін болады. Нәтижесінде ол 6 000 метрден астам тереңдікте барлау ұңғымаларын қауіпсіз әрі тиімді бұрғылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.