Отандық дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу шаралары талқыланды

482

Елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу. 

Отандық дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу шаралары талқыланды Фото: inbusiness.kz

Бұл бағыттағы шаралар Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамыту, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және жалпы фармацевтикалық секторды цифрландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Осы орайда, бірлескен кәсіпорындар ашу және әлемдік фармацевтикалық индустрияның жетекші компанияларының өндірістерін локализациялау бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіле бастады. Олардың қатарында Hoffmann-La Roche (Швейцария), Pfizer (АҚШ), Novo Nordisk (Дания), Takeda (Жапония), SK Plasma (Оңтүстік Корея) және т.б. бар.

Кеңесте Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының басшысы Марина Дурманова өз ұсыныстарын айтты. Ол медициналық өнімдерді жеткізушілер мен бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арасындағы ұзақ мерзімді шарттарды ұзарту, баға белгілеу, салық салу, таңбалау, арнайы экономикалық аймақтар мен фармацевтикалық кластерлер құру, отандық препараттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейту, экспортты қолдау және т.б. мәселелерді қозғады.

Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне айтылған ұсыныстарды талдап, оларды Елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға жеткізу бойынша жол картасында ескеруді тапсырды.

Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы соңғы бірнеше жылда Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті: шығарылатын препараттардың ассортименті кеңейіп, көлемі ұлғая түсті. Алайда, олардың ішкі нарықтағы үлесі баяу өсіп отыр, қазіргі көрсеткіш – 28%.

"Демек, біз дәрі-дәрмек өндірісін жыл сайын тұрақты түрде өсіруіміз қажет. Осыған байланысты фармацевтикалық кәсіпорындардың барлығына ревизия жүргізу керек. Біз олардың даму әлеуетін және қуатын арттыру мүмкіндіктерін нақты білуіміз керек", - деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Ә. Смайылов өмірлік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасасудың маңызын атап өтті.

"Онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттарға ерекше назар аудару керек. Ол үшін алдағы жылдарға қажеттілікті ескере отырып, осындай дәрілік заттардың тізбесі бекітілуі тиіс", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр қаралған шаралардың барлығы 2029 жылға дейінгі тиісті Жол картасында көрсетіліп, оны бір ай мерзімде бекіту керек деп түйіндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу