Отандық ғалымдар иммунитетті нығайтуға арналған белсенді қоспалар әзірлеп жатыр

135

Жаңа ББҚ тек табиғи өсімдік тектес шикізат негізінде жасалуда. 

Отандық ғалымдар иммунитетті нығайтуға арналған белсенді қоспалар әзірлеп жатыр Фото: Химические системы

"Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының" ғалымдары иммуномодуляциялық бағыттағы жаңа отандық биологиялық белсенді қоспаны (ББҚ) әзірлеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба функционалды тағам өнімдеріне сұраныстың артуына жауап береді және иммундық жүйені қолдауға, сондай-ақ көмірсу алмасуының көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған.

"Өнімнің құрамына ғылыми тұрғыдан негізделген қасиеттері бар топинамбур – инулиннің табиғи көзі, өнген сұлы мен арпа – β-глюкандар мен дәрумендерге бай, мия тамыры – қабынуға қарсы әлеуетті қоспалар енгізілген. 

Ингредиенттердің бұл үйлесімі рациондағы көкөніс пен жеміс-жидек тапшылығын ішінара толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ағзаны макро және микроэлементтермен (кальций, магний, калий, темір, мырыш) әрі алмастырылатын және алмастырылмайтын аминқышқылдарымен қамтамасыз етеді", – делінген хабарламада.

Ғалымдардың айтуынша, ББҚ иммунитетті жұмсақ түрде модуляциялау және ағзаның қорғаныс күшін нығайту, көмірсу алмасуын қолдау, бұл өнімді қант диабеті және метаболизм бұзылыстары кезінде өзекті ету, пребиотиктердің жоғары мөлшері есебінен ішек микрофлорасын қалыпқа келтіру сияқты бірқатар мәселелерді бір уақытта шешеді. 

Жобаның ерекшеліктерінің бірі – қолдану аясының әмбебаптығы. Ғалымдар капсула түрінде қабылдау үшін күніне 3 капсула оңтайлы доза деп есептейді. Ол инулиннің тәуліктік қажеттілігінің 3,2%-ын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда жаңа ББҚ үлгілері зертханалық сынақтардың негізгі кезеңдерінен өтті. Атап айтқанда, физика-химиялық талдау ылғалдылық, ферменттер белсенділігі көрсеткіштерінің нормативтерге сәйкестігін және инулин мөлшерінің тұрақтылығын растады. Сонымен қатар микробиологиялық бақылау өнімнің қауіпсіз екенін және патогенді микроорганизмдердің жоқтығын дәлелдеді.

Биыл ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды кезеңі. Келесі жылы жоба ауқымдылығын арттырып, нарыққа шығару және өнеркәсіптік өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта жаңа ББҚ және оның қосылған функционалды тағам өнімдері еліміздің дәріханалары мен пайдалы тағам дүкендерінде қолжетімді болады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу