Отандық ғалымдар қиярдың жаңа тұқымын шығарды

425

Оған "Әлия Молдағұлова" деген атау берілді.  

Отандық ғалымдар қиярдың жаңа тұқымын шығарды Фото: Inbusiness.kz

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары үш жыл бойы отандық қияр тұқымдарын ашық топырақта өсіру жобасымен айналысып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Білім ордасы бұған дейін ғалымдар арасында арнайы байқау жариялаған. Жеңімпаздарға грант тағайындалды. Оны биология кафедрасының ғылыми қызметкерлері ұтып, өз идеяларын жүзеге асыра бастады. Нәтижесінде, қиярдың жаңа тұқымы шығарылды.

"Қазақ жеміс, көкөніс ғылыми-зерттеу институты" ғалымдарының, селекционерлерінің бірнеше жыл бойы жүргізіп келе жатқан жұмыстарының соңғы этапы – экологиялық сынау кезеңінде Ақтөбе облысының климаттық жағдайына мән берілді. Ғылыми жобаны жүзеге асыру барысында 5 отандық қияр тұқымын сынақтан өткіздік. Соның "294" деген үлгісі біз патент алып отырған "Әлия Молдағұлова" тұқымын шығаруға негіз болды. Патенттің 50 пайызы жоғарыда аталған "Қазақ жеміс, көкөніс ғылыми-зерттеу институтына" тиесілі. Енді тұқым шаруашылығы жолға қойылуы тиіс. Ол да үлкен жұмыс, бірнеше жылға созылады", - дейді биология ғылымдарының кандидаты Әлия Базарғалиева.

Ғалымдардың ендігі үлкен мақсаты – тұқымды көбейтіп, өндіріске енгізу. Оған шамамен екі жылдай уақыт керек. Қиярдың жаңа түрінің ерекшелігі – дәм татымдық қасиеттері жоғары. Яғни, басқа тұқымдармен салыстырғанда дәмдірек. Сондай-ақ, ащылығы жоқ әрі ішінде қуысы болмайды. Ақтөбелік ғалымдар болашақта бұл өнімге сұраныс көбейетініне сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу