Бұл туралы Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайберген Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер Алмас Құдайбергеннен "Қатарда компанияны басқаратын қазақ қандай ЖОО-ны бітірді?" деп сұрады.
"Қатарда компанияны басқарып отырған қазақ Франциядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірін бітірді. Қателеспесем, Францияның үздік техникалық университетінің бірі болуы керек. Ол 17 жылдан астам уақыт бойы Тоталь жүйесінде жұмыс істеді. Қатарға дейін Тоталь Тунизияны басқарды", - деді спикер.
Тілшілер "Қазақстандық ЖОО-лар мұнай саласы бойынша қандай мамандықтарды оқытады? Біздің түлектер талап етілетін деңгейге сай келе ме?" деп нақтылады.
"Біздің геологтар шетелде, оның ішінде Таяу Шығыста жоғары бағаланады. Техникалық мамандықтар бойынша отандық және шетелдік ЖОО-ларды бітірген қазақстандықтар Қатардың және Таяу Шығыстың жетекші мұнай-газ компанияларында жұмыс істейді", - деді ол.