Кәсіпкердің айтуынша, шетелден 28 білікті хирург Қазақстанға шетелден шақырылып, елімізде сирек жасалатын 300 ота жасалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында көпбалалы отбасының қызы Аружан алғаш рет 10 жылдан кейін өз аяғымен жүре бастады.
Бұған дейін тіпті төсекте жата алмай, тек жартылай отырғыш күйде ұйықтайтын. Қымбат операцияны жасатуға отбасының шамасы жетпейді. Шетелден келген маман заманауи әдіспен сүйек ішіне баламен бірге өсетін арнайы штифт орнатты.
Қазір Аружан ақырындап далада ойнап жүр, ал болашақта дәрігер болуды армандайды.
Білікті хирургтер қатарында Жапония, Қытай, Түркия, Израиль, Беларусь және Ресей мамандары бар.
300 отаның ішінде: 219 ота – аяқ-қол кемістігі бар балаларға, 37 ота – жүрек-қан тамыр дертіне шалдыққандарға және 44 ота – аноректалды даму кемістігіне жасалады.
– Бұл – біздің ең маңызды жобаларымыздың бірі. Операциялар жүздеген млн теңгеге түссе де, әр баланың денсаулығы – баға жетпес құндылық. Біз 12 жыл бұрын өз қызметкерлеріміздің балаларына көмектесуден бастадық. Ал қазір еліміз бойынша жыл сайын жүздеген бүлдіршіннің өмірін өзгертіп келеміз, – деп жазды Айдын Рахымбаев.
Жақында Ақтау қаласында 200-інші ота жасалған. Кәсіпкердің сөзінше, құрылыс компаниясының мерейтойы – 300 баланың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.