Бүгін 7 отандық дизайнер бірігіп, әлемдік танымал брендтердің қасынан бутик ашты. 100 жылдан астам тарихы бар бастауын Нью-Йорктен алған Saks Fifth Avenue дүкенінде ашылу бұл қазақстандық дизайнерлер үшін зор мүмкіндік болмақ. Жаңа коллекциясын көрсетуге мүмкіндік алған қандай дизайнерлер?
Алматылықтар бұдан былай отандық дизайнерлердің киімдерін Saks дүкенінде сатып ала алады. Өйткені, алғаш рет әлемдік брендтер ғана сатылатын сауда желісінде 7 отандық дизайнер бірігіп бутик ашты. Енді онда талғампаз ZHSaken-нің , ерекше стиль мен заманауилықты қосқан InClover Atelier-дің, қазақилықты классикамен байланыстырған Dinara Satzhan-ның және сол секілді басқа да жас дизайнерлердің коллекциясымен танысуға болады.
"Saks-та әлемдік брендтермен қатар отандық дизайнерлердің туындысының тең тұрғаны зор мақтаныш деп білемін. Бұл тіпті Қазақстан үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Біздің дүкенде орналасу арқылы отандық дизайнерлер ең алдымен имидж қалыптастырады. Олардың портфолиосында бұл кезең маңызды болып қалары сөзсіз. Жаһандық желі Saks-те ашылуының өзі қандай ғанибет", - дейді VILED және Saks Fifth Avenue Almaty бас директоры Айгүл Әміржанова.
Saks-та сатылатын қазақстандық брендтердің топтамалары енді үнемі жаңартылып отырмақ. Осылайша, дүкен отандық таланттарды қолдауға қашанда дайын. Ал мұндай қымбат брендтер сатылатын алаңда орын бұйырған дизайнерлер қуанышты екендерін жеткізді. Өйткені, әлемдік стандарттарды білген маман шетелдің түкпір-түкпірінде сауда жасай алады.
"Отандық дизайнерлер үшін әрине жетістік дер едім. Оған қоса, жаңа тұтынушыларды табуға да көп көмегін тигізеді. Осы салада қанша жылдан бері жүрсем де, Saks секілді үлкен алаңда бұл алғаш ашылуымыз. Енді талғам мен сұранысқа қарай коллекциямыз өсіп, дами деп сенемін", - дейді дизайнер Сәкен Жақсыбаев.
"Ең бастысы имидж. Біздің дизайнерлер де әлемге аты әйгілі, танымал брендтермен тұруға әбден лайық. Мәселен, менің фабрикамда 100-ден аса адам тынбай еңбек етеді. Біз сапаға жұмыс істейміз.Неліктен осындай дүкенде ашылмасқа деген ой келді", - дейді кәсіпкер Бейбіт Әлібеков
Жалпы Алматыда ашылғанына 10 жыл болған Saks дүкенінде 240-тан астам танымал бренд бар.