Қостанай ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші "Агромашхолдинг KZ" кәсіпорны қала көшелеріне залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы дезинфекциялық сепкіштері бар тракторларды шығара бастады. Бұл туралы ИИДМ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
"LOVOL тракторлары – түрлі аспалы, жартылай аспалы және тіркеме жабдықпен жабдықталады. Осылайша олар ауыл және коммуналдық шаруашылық саласында, құрылыста және басқа да бағыттарда тиімді пайдаланылады. Аталмыш тракторлардың ерекшеліктерінің бірі – еуропалық үлгідегі жылыту және кондиционері бар үшінші буын кабинасы. Сонымен қатар трактор гидронасоспен және қуаты ұлғайтылған қозғалтқышпен жабдықталған", – деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетсек, бұл арнайы тракторлар өткен жылдан бері Қостанайда шығарыла бастады. Отандық өндіруші техникасын "БРК-лизинг" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ және "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы сатып алуға болады.
"АгромашХолдинг KZ" АҚ – Қазақстандағы "ESSIL" маркалы астық жинайтын комбайндарды, LOVOL тракторын және ауыл шалуашылы саласында қосымша өнімдерді өндіретін еліміздегі жалғыз өнеркәсіптік кәсіпорын.
Құралай Құдайберген