Шымкенттік кардиохирургтер балалардың жүрегі мен қан тамырларына күрделі операция жасаудың қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды 24.kz.
Бұрын мұндай шараларды тек республикалық орталықтардың мамандары ғана жасайтын. Осы саладағы тың әдіс жапондық әріптестерімен бірлесе отырып отандық мамандар шығарған заманауи аппараттардың арқасында жүзеге асуда.
Елбасының "Алтын сапа" сыйлығын алған "Казмедприбор" холдингінде жасалған су жаңа қондырғыны эндоваскулярлық хирургия алаңындағы тың жаңалық әрі зор жетістік деуге болады. Өйткені ол жүрегінде ақауы бар кішкентай науқастарды емдеуге толық мүмкіндік береді. Бұл жолы ақхалатты абзал жандар өрімдей қыздың өмірін сақтап қалды. Сәтті аяқталған күрделі операция бір жарым сағатқа созылды.