Қазақстанның қызылша өсірушілері өңдеуге 280 мың тоннадан астам өнім тапсырды, деп жазады inbusiness.kz ҚР АШМ сайтына сілтеме жасап.
Қызылша өсіретін негізгі өңірлердің қатарына Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстары кіреді. Өйткені аталған аймақтарда қант қызылшасын өңдейтін негізгі өндірістік кәсіпорындар орналасқан.
"Бүгінде мемлекет осы күрделі дақылды өсіруге жұмсалатын шығындарды ішінара субсидиялайды, сондай-ақ зауыттарға тапсырылған өнімді субсидиялайды. Өткен жылы өңірлердегі қызылша өсірушілер шамамен 3 млрд теңге алды. 2022 жылы субсидиялау нормативі 3 мың теңгеге ұлғайып, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасы үшін 15 мың теңгені құрады. Зауыттар шикізатты тоннасына 15 мың теңгеден сатып алады. Шаруалардың өніміне 30 мың теңге төленеді. 2023 жылдан бастап субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, соның арқасында қызылша өсірушілер өз өнімінің әр тоннасын 40 мың теңгеге сататын болады", - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, қант саласын дамытуды ынталандыру аясында инвестициялық субсидиялау тізбесіне жаңа қант зауыттарының құрылысы енгізілмек. Капитал салымдарының 25%-ын мемлекет өтейтін болады.
Ақпаратқа сәйкес, қызылша жинайтын комбайндар мен суару техникаларын сатып алуға өтемақы нормативін 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Субсидиялаудың жаңа ережелері 2023 жылда бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр.
Бұдан бөлек 2026 жылға дейін егістік алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.