Отандық Neo Nomad визасын алғашқы болып британдық энергетик алды

217

Куәлік шетелдік маманға БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінде берілді. 

Отандық Neo Nomad визасын алғашқы болып британдық энергетик алды Фото: Kazak Tourism

Ұлыбританиялық энергетик Сертач Йенер визаның жаңа түрі – Neo Nomad Visa-ны бірінші болып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлыбритания азаматы қазақ тіліне қызығушылық танытып, Қазақстанның мәдениетімен, табиғи ландшафттарымен және гастрономиясымен жақынырақ танысуды жоспарлап отыр. Neo Nomad визасын иеленген Сертач Йенер жақын арада Қазақстанға келеді. Оған қазақша сөйлеу мәнері бұрыннан таныс екен. Британдық сарапшының қызы Чикаго университетінде "Қазақ тілі және Орталық Азия зерттеулері" мамандығы бойынша білім алған.

"Қазақстан — таңғажайып ел! Neo Nomad Visa бағдарламасы арқылы біз осы елде бір жылға дейін болу мүмкіндігін иелендік. Бұл виза менің шетелдегі компаниямда қашықтан жұмыс істеуіме және Қазақстанды танып-білуге, табиғатын тамашалап, достық атмосферасымен, асханасымен, музыкасымен, дәстүрімен, тілімен танысуға жол ашты. Қызымның арқасында мен біршама уақыттан бері қазақ тілінің әуезділігі мен байлығын естіп жүрмін", — деді Сертач Йенер.

Атап өткен жөн, Neo Nomad Visa Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Туризм және спорт, Сыртқы істер, Цифрлық даму, Ішкі істер министрліктерінің және "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының қатысуымен қолданысқа енгізілді.

Бұл виза шетелдік туристер өздерінің шетелдегі компанияларында қашықтан жұмыс істеуге және Қазақстанда бір жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Жаңа В12-1 визасын алу үшін шетелдегі Қазақстан елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу