Отандық өндірісті қолдау: банктерге қойылатын талаптарды қайта қарау ұсынылды

305

Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың проблемалары мен жаңа өндірістерді ашуға кедергілер нақты шешімдерді талап етеді.

Отандық өндірісті қолдау: банктерге қойылатын талаптарды қайта қарау ұсынылды Фото: newsroom.kz

Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

Оның сөзінше, басты нәтиже – жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, бәсекеге қабілетті өнім шығару, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу болуға тиіс.

"Жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың және квазимемлекеттік сектордың басқа да ұйымдарының жұмысын дәл осы көрсеткіштер бойынша бағалаған жөн. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың проблемалары мен жаңа өндірістерді ашуға кедергілер нақты шешімдерді талап етеді. Егер кәсіпорын қаржыландыруды ала алмаса, инфрақұрылымға қосылмаса немесе өнімді өткізуді қамтамасыз ете алмаса, мемлекеттік бағдарламалардың болуы проблеманы өздігінен шешпейді. Әрбір жүйелі кедергі бойынша нақты шаралар, жою мерзімдері және нәтиже үшін дербес жауапкершілік қажет", – деді Дания Еспаева Құрылтайда өткен Үкімет сағатында.

Құрылтай төрағасының орынбасары офтейк-келісімшарттарға да тоқталып өтті. Оның сөзінше, шартқа қол қою жұмыстың түпкілікті көрсеткіші болмауға тиіс. 

"Келісімшарт жасасу мен қаржыландыру тартудан бастап өндірісті іске қосу мен өнімді нақты жеткізуге дейін барлық тізбекті қадағалау қажет. Орындалмаған шарттар бойынша себептері анықталып, шаралар қабылдануға тиіс. Отандық өндірісті мәлімделген қолдаудың тек қағаз күйінде қалуына жол берілмейді. Аталған шаралармен қатар, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттардың Бірінші санаттағы кепілдік қамтамасыз ету ретінде қабылдануы және жоба құнының 80-85% көлемінде несие алуды қамтамасыз етуі үшін екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды қайта қарау қажет", – деп атап өтті ол.

Дания Еспаева мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың ірі сатып алу бюджеті қазақстандық өнімге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге тиіс екенін баса айтты. 

"Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі талаптарды айналып өтуге мүмкіндік беретін практикаларды анықтап, жолын кесу қажет. Бұл ретте өндірушілердің өздерінен сапа, баға және жеткізу мерзімдері бойынша міндеттемелерді сақтау талап етіледі", – деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу