10 қазанда Ақтауда мұнай-газ машина жасау форумы және ірі операторлардың ашық есік күні өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға "Теңізшевройл", "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.", "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." және "Kalamkas-Khazar Operating" компаниялары қатысты. Форум барысында сарапшылар жергілікті қамтуды дамыту және отандық мұнай-газ жабдықтары өндірушілері мен жұмыс жеткізушілерін қолдау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қатысушыларға операторлар сатып алатын тауарлар, олардың сапасына қойылатын талаптар және тендерлік рәсімдер түсіндірілді.
100-ден астам зауыт пен жұмыс жеткізушілер, мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысқан басқосуда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сондай-ақ КПО, NCOC, ТШО, ККО және Silleno компанияларының бірінші басшылары сөз сөйледі.
Салтанатты жағдайда NCOC, КПО, ТШО және отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер мен жұмыс жеткізушілер арасында жалпы сомасы 244 млрд теңге құрайтын шамамен 40 келісімшартқа қол қойылды.
Сонымен қатар отандық тауар өндірушілермен өзара ынтымақтастық жөнінде 19 меморандум жасалды. Бұл құжаттар өндірістік және сервистік мүмкіндіктерді дамыту, отандық жеткізушілердің компаниялардың жеткізу тізбегіне қатысуын ынталандыруды көздейді.