Астанада отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim- 2018" атты республикалық IV көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды "Даму" қорының баспасөз қызметі.
2018 жылы 5 мамырда Астанадағы "Көрме" орталығында отандық өндірушілердің "Ulttyq ónim- 2018" атты республикалық IV көрмесі ашылды. Шара елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Мемлекеттен қолдау алып, іргесін кеңейткен кәсіпорындардың басын қосатын көрмені "Даму" қоры биыл төртінші рет ұйымдастырып отыр.
Биыл "Ulttyq O'nim - 2018" азық-түлік, құрылыс, жиһаз, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруалық, арнайы өндіріс құралдарын жасаушылар мен кәдесый, полиграфия секілді көптеген салалардан 350 кәсіпорынның басын қосқан. Республиканың барлық өңірінен келген кәсіпкерлер "Халық Таңдауы" байқауында бақ сынап, отандық киім өндірушілер сән көрсетілімін ұсынды.
Форумда сөз сөйлеген "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов бір кездері шағын іс бастаған кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қазір өз саласының көшбасшысына айналып отырғанын атап өтті.
"Бизнестің жол картасы 2020" бірыңғай бағдарламасына қатысушылар үшін несиенің тұрақты мөлшерлемесінің орнына өзгеретін мөлшерлеме енгізілді. Ал өтінімді қарастыру уақыты қысқарды. Керісінше, субсидиялау уақыты ұзарды. Сонымен қатар "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы" бойынша құжаттар жинау талабы жеңілдеді", - деді Абай Сарқұлов.
Көрме 5-7 мамыр аралығында үш күн бойы өтеді. Келушілер тұрмысқа қажетті барлық тауар түрлерімен танысып, өндірушінің өз бағасымен сатып ала алады. Сонымен қатар, қызықты шеберлік сабақтары өтіп, құнды сыйлықтар ойнатылады. Осы күндері көрме аясында "KazFranch 2018" көрме-форумы да өтеді. Онда қазақстандық және шет елдік компаниялар өз франчайзинг жобаларын паш етіп, франшизаны алға ілгерілету тәжірибесімен бөліседі.
"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұловтың айтуынша, шара кезінде кәсіпкерлер франчайзинг жайлы жеке кеңес алуына болады. Яғни, Қазақстандағы франчайзингтік қарым-қатынастарды ынталандыру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы деңгейге көтеруді көздейді.
"Бүгінгі "Ұлттық өнім" көрмесі келушілердің барлығына пайдалы деп ойлаймын. Бүгін осы алаңда өтетін келіссөздер, жасалатын шарттар мен өзара пайдалы әріптестіктер Қазақстанда жаңа өндіріс орындарының құрылуына серпін береді деп сенемін", - деді форумда сөз сөйлеген "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.