Алматы облысында экпортқа бағытталған 40-тан астам кәсіпорын бар. Өңірдің экспорт саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан сынды таяу шетелдер. Дегенмен елбасы жолдауындағы міндеттерге сәйкес бүгінгі күні алыс шетел нарығына жол ашуға да қадам жасалып отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мәселен бұған дейін көрші мемлекеттерге өнімін жөнелтіп жүрген фармацевтикалық "Абди Ибрахим Глобал Фарм" ЖШС биыл алыс шетел нарығын бағындыра бастады. "Қайнар АКБ" кәсіпорны төл өнімі "BARS Asia" аккумуляторының алғашқы легін Африка континентіне жеткізген. Бұл туралы бүгін мемлекет басшысының жолдауын іске асыру барысы туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен актив жиынында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлім етті.
Оның айтуынша, жолдау міндеттеріне орай әзірленген облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыс атқарылып келеді. "Экпорт – 2020" бағдарламасына кәсіпорындардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету шарасы жүргізіліп жатыр.
Аудан, қала әкімдерімен бірлесіп экспортқа шығуға әлеуетті кәсіпорындардың тізбесі әзірленіп, оларға мемлекет көрсететін экспортты қолдау шаралары туралы ақпараттар жолданған. Облыста экспортқа бағытталған жаңа инвестициялық жобалар – фармацевтикалық, ет өңдеу, автокөлік майын өндіру жобалары белгіленіп отыр.