Маңғыстау облысындағы тауар өндіруші кей кәсіпорындар өнімдерін сата алмай әлек. Мысалы, өңірдегі жалғыз Ақтау шыны пластикалық құбыр зауыты сатып алушылардың аздығынан жылдық өндіру мүмкіндігінен аз өнім шығаруға мәжбүр болса, "Сенек" ЖШС 100 пайыз табиғи өнімнен (қой жүні мен терісінен) тігілген бас киім мен киізін тек "Өзенмұнайгаз" АҚ-на ғана сатып отыр. Осындай мазмұндағы проблемамен бірнеше кәсіпкер мәселесін ортаға салды.
Отандық (облыстық) тауар өндірушілердің өнімі арзан әрі сапалы бола тұра, сатып алуға жергілікті мекемелер тарапынан қызығушылық болмай, оның орнына шет мемлекет тауарына басымдық беру азаймай тұр.
Күн өткен сайын күрделеніп отырған бұл мәселенінің шешімін тауып, тығырықтан шығу жолын ұсынған "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы енді Маңғыстау облыстық индустриялы-инновациялық даму басқармасымен бірігіп, аталмыш проблема төңірегінде жан-жақты сараптама жасап, тиісті шаралар қабылдайтын болып келісті.