Отандық және шетелдік компаниялар алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр – Президент

172

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосуды тапсырды.

Отандық және шетелдік компаниялар алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр – Президент Фото: Ақорда

Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын.

Бұл жөнінде жақында "Turkistan" газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. 

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды.

"Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. 

Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. 

Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін "фискальдық деректер фабрикасына" айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 

2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. 

Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуге тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу