Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарау қажет – Смайылов

369

Жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бірқатар кедергілерді барынша қысқарту ұсынылды.

Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарау қажет – Смайылов Фото: inbusiness.kz

Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады", - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, цифрлық технологиялар арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болар еді.

Бұдан бөлек Премьер-Министр бонд қоймаларын дамыту қажеттігін баса айтты.

"Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар. Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекетпен паритет негізінде алып отырмыз. Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймау қажет. Жол бойындағы сервис бойынша да сұрақтар бар. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз", - деп атап өтті ол.

Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай, деп жалғастырды ол.

Үкімет басшысының дерегінше, әкімдіктер сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді созып жіберген.  

"Осыған байланысты инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр. Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген.
Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді. Алайда сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді", - деді Әлихан Смайылов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу