Отаншылдық – мемлекеттілігімізді сақтаудың басты кепілі – Тоқаев

553

Қазіргідей араздық пен өзара сенімсіздік күшейген күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл аса маңызды.   

Отаншылдық – мемлекеттілігімізді сақтаудың басты кепілі – Тоқаев

Президент Қазақстанның халықаралық істерде жауапты және қарқынды дамып келе жатқан және өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылатын ел екенін, сондай-ақ әлемге кеңінен белгілі екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

– Өздеріңіз білетіндей, жақында қыркүйек айында Қазақстанға келіп кеткен Рим папасы Франциск сөйлеген сөзінде елімізді кездесу мен диалог мекені, бейбітшілік  пен адамзат баласының арасындағы бауырмалдықтың насихатшысы, бір-біріне құлақ асып, құрметпен қарайтын  бейбітшілікті дәріптеуге күш салушы ретінде бағалады. Адамзаттың беделді әрі рухани көшбасшыларының бірі – Понтификтің бұл сөздері Қазақстанды өте дәл сипаттайды әрі  құндылықтарымызды айшықтайды. Менің жүргізіп жатқан реформаларымның мәні – әрбір Қазақстан  азаматына елімізді нығайтудағы  өз рөлі мен маңызын  сезіндіру, – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

 

Сөзінің соңында Президент еліміздің  жаңа саяси дәуірге қадам басқанын айтты.

– Жаңартылған Конституция негізінде басты саяси институттар қайта іске қосылады, барша азаматтардың игілігіне жұмыс істейтін, ашық әрі бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе қалыптасады. Біз үлкен жолға енді қадам бастық. Алда сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын түбегейлі реформалау міндеті тұр. Нәтижесінде заң үстемдігі мен тәртіп өміріміздің өлшеміне айналады. Құндылықтар қайта қаралып, еңбекті дәріптеу алдыңғы орынға шығады,  –  деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар әрқашан қайнаған еңбектің ортасы саналған Қарағанды жұртының ел дамуына қосқан орасан үлесіне ризашылығын білдіріп, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, отаншылдыққа шақырды.

– Отаншылдық – мемлекеттілігімізді сақтаудың басты кепілі. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан қасиет жоқ. Туған халқыңа қызмет жасаудан артық бақыт жоқ. Отансүйгіштік дегеніміз – қызыл сөзбен ұрандатып, алаңға шығу емес, ел мүддесі үшін еңбек ету. Осы өңірдің біртуар перзенті Әлихан Бөкейхан "Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деген. Алаш қайраткері осылайша бәрімізді ел мүддесіне адал болуға үндеген, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу