"Отбасы банкінің" басшысы Ләззат Ибрагимова "9-20-25" жаңа ипотекалық бағдарлама туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер "9-20-25" бағдарламасы туралы сұрады.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Ибрагимова банк бағдарламаны әзірлеп жатқанын растады.
"Арнайы жас отбасыларға арналған бағдарлама жасау керек деп ойлаймыз. Бізде "Бақытты отбасы" мемлекеттік бағдарламасы бар, оған көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар және жетім балалар кіреді", – деді спикер.
Оның айтуынша, соңғы кездері жас отбасылар тарапынан ипотекалық бағдарламаларға сұраныс артқан.
"Бір баламыз бар, бірақ баспанамыз жоқ, мемлекеттік қызметкер емеспіз, бұл санаттарға кезекке тұра алмаймыз. Бұл мұндай жас отбасыларға – қамқорлық. Әсіресе, 20 млн-шы азаматымыз дүниеге келгенін ескерсек, біз осы бағдарламаны дамытқымыз келеді", – деді банк басшысы.
Сонымен қатар, Ибрагимова "9-20-25" бағдарламасы бойынша тариф алдыңғы "7-20-25" бағдарламасына қарағанда біршама жоғары болады, өйткені ақша "нарықтан" тартылады деп қосты.
"Барлық жағдайлар, мүмкіндіктер мен механизмдер – олар 2024 жылы нақты белгілі болады", – деді Ләззат Ибрагимова.