Премьер-министрі Олжас Бектенов тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту мақсатында қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайту қажет. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, "Отбасы банк" өз кезегінде, халықтың осал санаттарын қолдауға баса көңіл бөлуге тиіс.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін қабылданған Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақтылы жаңартып, қабылдауды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды қамтамасыз етсін", – деді Премьер-министр.