Отбасы банк қыркүйек айында "Qamqor" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды

452

 Алғашқы жарна 10% тең. 

Отбасы банк қыркүйек айында "Qamqor" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды Фото: Новый вестник

"Qamqor" бағдарламасы Шымкент мамандарының тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, ТЖМ қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шымкент қаласының тұрғындарынан "Qamqor" жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер қыркүйек айында қабылданады. Отбасы банк құжаттарды қабылдау күні мен уақыты туралы тұрғындарға қосымша хабарлайды.

Шымкенттің жұмыс істейтін тұрғындары жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Оларға берілетін заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңге. Кредит мөлшерлемесі 6%-ға тең болады (ЖТСМ 6,4%-дан). Алғашқы жарна 10% тең.

"Qamqor" бағдарламасын қаржыландыруға 8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 5 млрд теңгені Шымкент қалалық әкімдігі, 3 млрд теңгені Отбасы банк бөліп отыр.

Отбасы банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады.

Банк бұл процесті "Баспана маркет" порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Яғни, енді бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексерілетін болады. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жояды әрі ұпай санау уақытын айтарлықтай қысқартады.

https://otbasybank.kz порталында өтінім қалдыру үшін "Qamqor" бағдарламасының әлеуетті қатысушыларының Отбасы банкінде шоты болуы қажет немесе олар банк клиенті болулары шарт.

"Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына қатысушының жасы, некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы, кезекте тұру мәртебесі, Отбасы банкіндегі депозиті (кемі 500 мың теңгесі бар жинақтар) әсер ететін болады.

"Qamqor" бағдарламасының қатысушылары https://otbasybank.kz порталындағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай санын өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң келесі күні көре алады", - делінген хабарламада.

Қатысушылар пулына ең көп ұпай жинаған 400 адам кіреді.

Бағдарлама бойынша тұрғын үйді алғашқы нарықтан, үлестік тұрғын үй құрылысына қатысу арқылы "ҚТК" кепілдігі болған жағдайда, пайдалануға берілген/салынып жатқан нысаннан сатып алуға болады.

"Qamqor" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар: 

1. Қатысушының жасы өтінім берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек.

2. Үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда ҚР аумағында меншiк құқығындағы тұрғын үйi болмауы қажет, сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) соңғы 5 (бес) жыл ішінде тұрғын үйді иеліктен шығару фактілерінің болмауы.

3. Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі.

4. Шымкент қаласында таңдаған сала бойынша соңғы 6 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу