"Отбасы банк" салымшыларының қай санаты мемлекеттік сыйақыдан қағылуы мүмкін?

138

Тиісті өзгеріс депозит ашқанына үш жыл толған, ипотекалық несие рәсімдемеген және мемлекеттік сыйақы алып жүрген қазақстандықтарға ғана қатысты болмақ. 

"Отбасы банк" салымшыларының қай санаты мемлекеттік сыйақыдан қағылуы мүмкін? Фото: inbusiness.kz

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова тиісті ұсыныс қазір қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл тек қана үш жылдың арасында депозит ашып, сосын кетіп қалған азаматтарға ғана тиісті өзгеріс болады. Олар несиені алмай, депозитпен бірге мемлекеттік сыйақыны банктен алып кетемін деп жоспарлап жүрсе, біз оған  өзгеріс кіргіземіз. Мемлекеттік сыйақылар болады. Енді ол әділ бөлінетін болады. Заем алу үшін қаражат жинап жүрген адамдарға сыйақы беріледі", - деді Ләззат Ибрагимова журналистердің сауалына берген жауабында.

"Отбасы банк" осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Біріншіден, біз жеңілдетілген (ипотекалық) несие алған азаматтарды алып тастауды ұсынып отырмыз. Мәселен, "Бақытты отбасы" бойынша азаматтар баспананы 2 пайызбен алды, әкімдіктен нарықтағы бағадан төмен шаршы метр алды", - деп түсіндірді "Отбасы банк" басшысы.

Сөзінше, тиісті өзгеріс ақша жинауды жалғастырмай жүрген, мемлекеттік сыйақы алып, депозит бойынша шартты бұзғысы келетін азаматтарға ғана қатысты болады. 

Ләззат Ибрагимова бұл әзірге ұсыныс екенін баса айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу