Отбасы банкі "Бақытты отбасы" бағдарламасына құжаттар қабылдауды бастады

858

"Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысу туралы өтініштер otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде (қоса алғанда) аралығында қабылданады, деп хбарлайды inbusiness.kz.

Отбасы банкі "Бақытты отбасы" бағдарламасына құжаттар қабылдауды бастады

Ол үшін Отбасы Банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) клиенті болу қажет және аутентификация кодын алу үшін қолыңызда ұялы телефон болуы керек.

Қосымша анықтамалар мен құжаттар қажет емес. Жүйе үміткердің деректерін тексеріп, өтініш қалыптастырады.

Бағдарламаға келесі санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады:

- көп балалы отбасы;
- мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
- толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).

"Бақытты отбасы" бағдарламасына 2021 жылы тапсырыс берген, алайда заем алмаған үміткерлердің өтініштері күшін жояды. Бағдарламаның жаңа кезеңіне қатысу үшін олар биыл қайтадан өтініш берулері қажет.

Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Тізімдерге бөлу кезінде қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты анықтаушы факторға айналады. Байқау нәтижелерін otbasybank.kz порталынан көруге болады.

 "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысушыларды іріктеу кезінде азаматтардың кірістері тексерілетін болады. Соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек (2022 жылы КМ 37 389 теңге, сәйкесінше бір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауы тиіс).

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша несие сомасының 10%-на тең бастапқы жарна болған жағдайда, жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем алуға болады. Несие мерзімі 20 жылға дейін.

Отбасы жергілікті әкімдіктер арқылы салынған несиелік тұрғын үйді немесе бастапқы және екінші нарықтағы кез келген пәтерді сатып ала алады, сонымен қатар жеке үй сатып алуға да рұқсат етіледі. Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың қала маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 млн теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу