"Отбасы күні": Астанада көпбалалы отбасылар биатлоннан сайысқа түсті

178

Биатлон спортынан 5 ауданнан жиналған 21 отбасының арасында бәсеке өтті.

"Отбасы күні": Астанада көпбалалы отбасылар биатлоннан сайысқа түсті Фото: Астана қаласының әкімдігі

"Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы сүйемелдеуінде жүрген көп балалы, аз қамтылған отбасыларға арналған "Отбасы – жан қазынасы" атты спорттық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі сәтте "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығында 418 отбасы сүйемелдеуде жүр. Оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінгі "Отбасы күніне" арналған іс-шарамыз да қолдаудың бір түрі ретінде саналады", - деді "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығының басшысы Бахтияр Айтпаев.

Осынау күнге орай, Орталық саябақта жақын арада ғана ашылған Биатлон спортынан 5 ауданнан жиналған 21 отбасының арасында бәсеке өтті.

"Бүгін көп балалы, аз қамтылған отбасылары арасында бірінші мәрте спорттық жарысты қолға алып жатырмыз. Бұған дейінгі жылдары мәдени, концерттік іс-шараларды өткізіп келіп едік. Қазіргі сәтте отбасыларға тек материалдық қолдау көрсету жеткіліксіз деп ойлаймын. Сондықтан жанұяларға қызықты болуы үшін, спорттық іс-шараны таңдадық. Неге? Біріншіден, салауатты өмір салтын насихаттау. Кей отбасылар биатлон деген спортты бірінші рет естуі де мүмкін. Бүгінгі іс-шара арқылы жаңа спорт түрімен таныстырып, тұрғындардың ой-өрісін кеңейтеміз. Бәлкім, бүгінгі іс-шара арқылы бала өзінің бойындағы талантын ашуы мүмкін. Әрі спорт секцияларының қолжетімді екенін көрсетеміз. Екіншіден, спорттық бәсекеде ата-анамен бала жақсы тіл табысып, өзара түсіністігі артады. Үшіншіден, демалыс күні отбасыларымыз қаламыздағы көркем жерлеріміздің бірі Орталық саябақта керемет эмоция алады", - деді жарыс ұйымдастырушысы Зульфия Садвакасова.

Айта кетсек, "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың тамызында ашылған болатын.

"Бүгінгі биатлон жарысынан алған әсерім керемет. Табиғат аясында ата-аналармен бірге баланы спортқа баулу жақсы әдістің бірі деп санаймын. Бұған дейін биатлонмен айналысып көрмегенмін. Бірақ жарыс барысында көзімнің қырағылығының арқасында 10 нысанаға да дәл тигіздім. Бұл – балаларымызға өнеге. Өзім оқушы кезімде әуесқой ретінде жүгірумен шұғылдандым. Баламды да бастауышта каратэ секциясына бергенмін. Осындай іс-шараны ұйымдастырғаны үшін бәріне алғысымды білдіремін", - деді Алматы ауданының тұрғыны Әсел Омарова эмоциясымен бөлісіп.

Сайыс ережесі бойынша, бір отбасыдан 2 адам өнер көрсетіп, әр қатысушы 800 метр жүгіріп, 10 мәрте нысананы көздеп атты.

Жарыс "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы және Қазақстан биатлон Федерациясы, Астана қаласының биатлон Федерациясы, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, №2 Балалар - жасөспірімдер спорт мектебімен бірлесіп, жүзеге асырылды.

Шара соңында барлық отбасылардың арасында жеңімпаздар арнайы кубок, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу