Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация туралы заң жобасы дайындалды

1937

Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация туралы заң жобасы дайындалды

Сот жұмысындағы қағазбастылық пен бюрократиялықты азайту үшін елімізде бірқатар пилоттық жобалар қолға алынбақ. Мәселен, отбасылық даулар бойынша міндетті медиация қызметін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды abctv.kz.

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, мұндай жаңашылдық адам құқығын толық қорғауға мүмкіндік береді. Ең бастысы қоғамдағы дау-жанжалдың деңгейін төмендетпек.

"Отбасылық даулар бойынша міндетті медиация туралы заң жобасы дайын. Енді парламентке жіберіледі. Жалпы, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, отбасылық және еңбек дауларын сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешкен әлдеқайда жедел әрі тиімді. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл категорияға жататын істердің басым бөлігі сотпен қаралады", – дейді Сағатбек Сүлеймен.

Төраға кеңесшісінің сөзінше, отбасылық және еңбек даулары халықтың әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді.

"Өкінішке қарай, біздің елде әрбір үшінші отбасының шаңырағы құлап, әрбір үшінші неке бұзылады. Орташа есеппен алсақ, әрбір отбасыда шамамен екі баладан болады. Демек, жылына 100 мыңнан астам бала әке тәрбиесінен, ана мейірімінен айырылады. Ал олардың бәрі әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жетім балалар категориясына жатқызылады", – дейді Сағатбек Сүлеймен.

Оның айтуынша, бұдан бөлек халық арасындағы дауларды шешудің баламалы әдістерінің артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте, билер институты қайта жаңданбақ. Билер институты дауларды шешудің баламалы әдістерінің бірі ретінде қарастырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу