Отбасын қолдау орталықтары ашылып, олардың функционалы айқындалады

379

Парламент Мәжілісінің депутаттары зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бөлігіндегі тапсырманы орындау мақсатында бастамашылық жасады. 

 Отбасын қолдау орталықтары ашылып, олардың функционалы айқындалады Фото: funik.ru

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бөлігіндегі тапсырмасын орындау мақсатында бастамашылық жасады.

Заң жобасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың профилактикасына және жолын кесуге бағытталған.

Отбасы институтын нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттық ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тетіктерін енгізу арқылы қамтамасыз етуге, балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мекемелерді лицензиялаудың міндеттілігіне бағытталған құқықтық нормалар көзделеді.

Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған жекелеген қылмыстардың біліктілік құрамы үшін жауаптылық дәрежесін арттыру бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады, сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктері күшейтілді.

Атап айтқанда, заң жобасында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруге, ұрып-соғуға, он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қысым көрсетуге, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттауға бағытталған әрекеттерді қылмысқа жатқызу көзделеді.

Кәмелетке толмаған адамды өлтіруге, зорлауға, сондай-ақ оған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасауға, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіруге, азаптауға бағытталған қылмыстардың құрамы бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту көзделеді.

Заң жобасында аудандарда Отбасын қолдау орталықтарын ашу да көзделеді, олардың функционалы да айқындалады. Мақсаты отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жан-жақты көмек көрсету болып табылатын "111" байланыс орталығының жұмыс істеуі бойынша нормалар енгізіледі. 

Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың отбасы институтын нығайту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік және өзге де қолдау көрсету жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту жөніндегі құзыреті айқындалады.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасы бойынша қорытындыларын берді. Жұмыс тобының отырысы, сондай-ақ Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді.

Осы айтылғанды ескере отырып, Комитет "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдау ұсынысымен оны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысының қарауына енгізуге болады деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу