Отбасының цифрлық картасы: 5 мыңнан аса адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

614

Отбасылық цифрдық картасы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді.    

Отбасының цифрлық картасы: 5 мыңнан аса адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді Фото: gov.kz

Отбасының цифрлық картасын енгізудің арқасында биыл 1 қаңтардан бастап 43 мыңнан аса адам мемлекеттік қызметтерді белсенді көрсету үшін SMS-хабарлама алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл ретте өтінішсіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,3 мың адам пайдаланған.

Қазір ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Олар – жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына), мүгедектігі бойынша, көпбалалы отбасыларға берілетін және "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Сондай-ақ ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.

Бұрын хабарланғандай, отбасының цифрлық картасы – әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу