Отбасының цифрлық картасы арқылы 1,2 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

89

Қазіргі уақытта жүйеде 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Отбасының цифрлық картасы арқылы 1,2 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді Фото: gov.kz

2026 жылдың басынан бері Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу нәтижесінде әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін 3 828 азаматқа SMS-хабарлама жолданды. Соның арқасында 1,218 миллионнан астам адам жәрдемақы немесе төлемді ешқандай өтініш бермей-ақ алу мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде қалыптастырылады. 

Бұл жүйенің негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттерін айқындайтын құрал ретінде бекітілген. Сонымен қатар ол азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қарай қандай мемлекеттік қолдауға құқылы екенін көрсететін күнделікті "электрондық хабарлама" қызметін атқарады.

Қазіргі уақытта ОЦК арқылы өтініш бермей-ақ 11 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді рәсімдеуге болады. Олардың қатарында еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған азаматтарға арналған төлем, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша төлем, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлеріне берілетін төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек және жерлеуге арналған біржолғы төлем бар.

Сонымен қатар жүйе арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, "қандас" мәртебесін беру немесе ұзарту мерзімі, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарға арналған жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жіберіледі.

Мемлекеттік қолдау алуға құқық анықталған кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама келеді. Азамат хабарламаға келісімін білдіргеннен кейін жәрдемақы немесе төлем автоматты түрде рәсімделіп, қаражат оның банк шотына аударылады.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында азаматтарға 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламаларға ғана жауап беру ұсынылады. Барлық сұрақтар бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына тегін хабарласуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу