Отбасының цифрлық картасы арқылы 6 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

656

Отбасының цифрлық картасын 1 қаңтардан бастап 75 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,8 мың адам пайдаланды.  

Отбасының цифрлық картасы арқылы 6 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді Фото: gov.kz

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Мысалы, елорда тұрғыны Алтынқыз Елеу автоматты түрде хабарлама алғаннан кейін, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді ресімдеді.

 "Әрине, мұндай төлем берілетінін білетінмін. Ол үшін бір жерге барып өтініш жазу керек деп ойладым. Бірақ содан кейін маған хабарлама келді, мен оған ыңғайлы банкті таңдау арқылы жауап бердім және бір айдың ішінде ақша менің шотыма түсті. Бұл өте ыңғайлы", – деді Алтынқыз.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылды.

Бұрын хабарланғандай, Отбасының цифрлық картасы – бұл әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.

Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу