Отбасының цифрлық картасы: Қанша адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді?

639

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Отбасының цифрлық картасы пилоттық режимде енгізілгеннен бері 36 мың адамға мемлекеттік қызметтер белсенді көрсетілуі үшін SMS жолданды. Өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 7 мыңнан астам адам пайдаланды, деп жазады inbusiness.kz.  

Отбасының цифрлық картасы: Қанша адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді? Фото: almaty tv

"Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек", - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Ақпаратта көрсетілгендей, проактивті форматтағы мемлекеттік қолдау шаралары аталмыш ақпараттық жүйе арқылы 11,7 мың азаматқа тағайындалды.

Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында еліміздің 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу