Өтемақы төлеу: банктер 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады

Өтемақы сомасының 50% мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің қаражаты есебінен, қалған 50%-ы Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен төленеді.  

Өтемақы төлеу: банктер 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады Фото: google

2023 жылдың 10 ақпанына қарай банктер салымдар бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеу бойынша 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) хабарлады. 

Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштер қабылдауды 2023 жылдың 10 ақпанында аяқтады. Барлығы 2 623 010 адам өтініш берген.

Түпкілікті өтемақы сомасы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін өзгеруі мүмкін. Өйткені Қағидалар бойынша 10 пайыздық сыйлықақы есептеу үшін депозиттің банкте 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуы міндетті шарт.  

"Сәйкесінше салымшы 24 ақпаннан бастап, өз депозитінен ішінара немесе толығымен ақша алуға құқылы. Бұл ретте өтемақысы жойылмайды. Сыйлықақы салым бойынша банк төлейтін сыйақы мөлшерлемесінен бөлек есептеледі. Сондықтан салымнан жартылай немесе толық көлемде ақша алар кезде банк шартының талаптарына назар аударған жөн. Онда салымнан мерзімінен бұрын ақша алуға байланысты сыйақының бір бөлігі жойылатындығы айтылуы мүмкін", – деп жазылған хабарламада.

10% мөлшерінде өтемақы төлеуді көздейтін, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдарына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіндегі жинақ қаражаттарға қолданылды. Бағдарлама 2023 жылы 23 ақпанда аяқталды.

ҚДКБҚ өтемақы бойынша қаражатты салымшыларға кезең-кезеңмен беру механизмін түсіндірді.

Төлемдер қандай қаражат есебінен жүргізіледі:

Өтемақы сомасының 50% мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің қаражаты есебінен, қалған 50%-ы Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен төленеді.

Бағдарламаның операторлары

"Проблемалық кредиттер қоры" АҚ және "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ.

Төлем процесі қалай жүзеге асырылады?

  1. Банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жеті жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ-ға өтемақы төленетін депозиттердің тізілімін ұсынады.
  2. Одан әрі, Қор Қағидаларда регламенттелген мерзімде "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-қа (бұдан әрі - ПКҚ) өтемақы сомасы бойынша мәліметтер жолдайды.  
  3. Деректерді алған соң, ПКҚ сыйлықақының жалпы сомасының 50%-ын аударуды жүзеге асыру бойынша "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-қа тапсырма хат жолдайды.
  4. ҚР Қаржы министрлігі республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде өтемақы төлеуге бөлінген соманы "ПКҚ" АҚ-қа аударады. Қазақстанның Ұлттық Банкі де қаражатты осындай тәртіппен "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-қа аударады.
  5. Бағдарлама операторлары алынған қаражаттарды 50%-дан екі траншпен банктерге аударады. Бұдан әрі екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) екі жұмыс күні ішінде өтемақы сомаларын депозиторлардың ағымдағы шоттарына аударады.   

Осыған байланысты ҚДКБҚ сыйлықақы есептеу үшін салымшыларға қолданыста ағымдағы шоттарының бар екендігін тексеруге және қажет болса ашуға кеңес береді.  

"Өтемақыны есептеу және төлеу бойынша толығырақ ақпарат алу үшін салымшылар депозиттері ашылған банктерге жүгінулері тиіс", – деп хабарлады қор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу