"Өтірік есептің бізге керегі жоқ": Жигули Дайрабаев Өнеркәсіп және құрылыс министрін сынға алды

320

Депутат Үкімет мүшелерінен сапалы жұмыс істеуін талап етті.  

"Өтірік есептің бізге керегі жоқ": Жигули Дайрабаев Өнеркәсіп және құрылыс министрін сынға алды Фото: kaztag.kz

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жасаған баяндамасы мен депутаттардың сұрағына берген жауабын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Бисимбайұлы жиырма минут баяндама жасадыңыз, бір сағат жауап бердіңіз. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің аузынан ауыл шаруашылығында осындай жасап жатырмыз деген бір сөз шықпады. Жалпы министрге және қатысып отырған басқа Үкімет мүшелеріне айтарым, егер де сіздер Қазақстанды аграрлы ел ретінде мойындамайтын болсаңыздар, онда Қазақстанның болашағы болмайды. Онда бүгін сіздер айтып отырған "ана жерде зауыт саламын", "мына жерде машина саламын" дегеннің бәрі бос сөз. 20 млн халық тамақ жейді. Отырған барлық министр, барлық шенеунік, бүкіл қазақстандық тамақ жейді", - деді депутат.

Оның айтуынша, елдегі ауыл саны да азайған.

"Ауылды тоздырып бітірдік. 6295 қана ауыл қалды, оптимизация, ақша керек деп 1,5 мың ауылдың барлығының күл-талқанын шығардық. Ең әуелі адами фактор бірінші орында тұру керек, ақша емес. Мәселе солай, Шарлапаев мырза. Ауыл шаруашылығы жөнінен Президент тапсырма қойды. 2,5 пайызға ауылдағы еңбек өнімділігін арттыру керек деді. Өнімділікті қайтіп өндіреміз? Күрекпен, балтамен, айырмен жүріп, жұмыс істейміз бе? Жан жаққа қарайық та. Мәселен, Қазақстанда әртүрлі ірілі-ұсақты ауыл шаруашылығының заттарын құрастыратын, жинайтын, локализация жасайтын 18 зауыт бар. Сол зауыттарда қазақстандық жастар жұмыс істейді. Сол зауыттың барлығын аралап көрдім. Біз лизинг деген әңгіме айттық, Президент 2022 жылы Үкіметке тапсырма берді. Одан бері биыл үшінші жыл өтіп жатыр. Биыл Президент Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде 450 млрд ақшаға (ред. – Қазақстанның ЖІӨ-ін 2029 жылға қарай 450 млрд долларға жеткізу) жеткізу керек деді. Сәуір айының басында Бектенов мырза (ред. – Премьер-Министр Олжас Бектенов) 1 мамырға дейін 100 млрд теңге ақша бөліңдер деді. Бүгінгі күнге дейін көк тиын ақша бөлінген жоқ. Сонда Үкіметтен не күтуге болады? Елге Үкімет мынандай шешім қабылдайды дейді, сіздер орындамайсыздар. Сіздер Мемлекет басшысын халықтың алдында жаман көрсетіп жатсыздар", - деп атап өтті Жигули Дайрабаев.

Сөзінше, Мемлекет басшысы шешім қабылдап, тапсырма береді, бірақ ол орындалмайды.

"Тері өңдейтін зауыт, жүн өңдейтін зауыттарды іске қосып, бір ретке келтіруге болады ғой. Жаман деп айтпай-ақ қояйық, көршіміз Моңғолиядан қалып қалдық қой. Кішкене намыс болу керек. Мынау мемлекет – өзіміздің мемлекет. Өзгеріс жасаңыздар. Бір жұмыс болса да, сапалы жұмыс болу керек. Құр сөздің, өтірік есептің бізге керегі жоқ. Сіздер жауапты қызметтесіздер. Қазақта "Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама" деген сөз бар. Егер қолдарыңыздан келмейтін болса, 20 млн адамның ішінен шоқпарды көтеретін адамдарды табамыз", - деді Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу