Ұлттық статистика бюросы қараша айында тұрғын үй нарығындағы баға қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қарашада 7% жоғарылады.
"Өңірлер бөлінісінде жаңа салынған үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе қаласында – 11%, Көкшетау қаласында – 10,1%, Тараз қаласында 10% айтарлықтай қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшбасшысы – Атырау (16,7%), Астана, Көкшетау қалалары (9,8%-дан), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Орал (24,2%), Шымкент (24,1%), Талдықорған (20,8%) және Петропавл қалалары (20,5%)", – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Бір айдың ішінде жаңа тұрғын үйді сату, пәтерлерді қайта сату, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 0,4%-дан жоғарылады.
2024 жылғы қараша айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 421 мәміле тіркелген.
"Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың қараша айында олар бойынша 11 881 мәміле ресімделген. 2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қарашасында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 6%-ға (525 мәмілеге) азайған. Қарашада барлығы 8 165 мәміле тіркелген", – делінген хабарламада.