Қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,5%-ға әлсіреп, 1 доллар үшін 488,23 теңге болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 222 млн доллардан 278 млн долларға дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,1 млрд долларды құрады.
"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қазан айында 1 340 млн долларда валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 22%-ын және күніне 70 млн доллардан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. БЖЗҚ-дағы валюталық активтер үлесі 40%-ға жеткенін ескере отырып, биылғы 10 қазаннан бастап Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі үшін долларды сатып алуды тоқтатты", – делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Қазанда БЖЗҚ зейнетақы активтеріне шетел валютасын сатып алу сомасы 228 млн доллар болды.
Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сай, Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферттер бөлуге қарашада Ұлттық қордан 1,2 млрд доллардан 1,3 млрд долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
2024 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша 39,9%-ды құраған зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ескере отырып, 2024 жылғы қарашада БЖЗҚ үшін валюта сатып алу жоспарланбайды.