Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек балалардың құқығын қорғау шаралары туралы онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.
"Бір апта ішінде 3351 қылмыс тіркелді, оның 2254-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері 14 кісі өлтіру, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 4 қарақшылық, 40 тонау және 509 бөтеннің мүлікті ұрлау фактілері бойынша қылмыстарды ашты",– деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі соңғы аптадағы полицейлердің қатысуымен болған ерекше жағдайларға да тоқталды.
"Мәселен, Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен екі жасөспірім баланы құтқарған. Ал Павлодар облысында – шатырдан секірмек болған жігіт те тәртіп сақшыларының көмегімен аман қалды", – деді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Құралай Құдайберген