Өткен аптаның қорытындысы бойынша теңге 3,3%-ға әлсіреді

433

Ұлттық валютасы әлсіреген елдер қатарында Түркия, Үндістан, Оңтүстік Африка, Ресей, Бразилия мен Мексика бар.  

Өткен аптаның қорытындысы бойынша теңге 3,3%-ға әлсіреді Фото: inbusiness.kz

Өткен аптаның қорытындысы бойынша 17 наурызда теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 3,3%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 460,79 теңге деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық банк таратқан ақпаратқа сүйеніп. 

ҰБ хабарлауынша сыртқы валюта нарығында наурыздың 10-ы мен 17-сі аралығында бірқатар маңызды оқиға болды. Атап айтқанда, әлемнің қаржы нарықтарында құбылмалылық күшейді. Жаһандық деңгейде банк саласындағы дағдарысқа байланысты туындаған қауіптен инвесторлардың тәуекелге деген қызығушылығы азая бастады. 

Сонымен қатар, наурыздың 10-12 күндері АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі – Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны белгілі болды. Жергілікті дағдарыстың әсер ету тәуекелдері АҚШ-тың тағы бір ірі банкі First Republic Bank пен Швейцарияның Credit Suisse банкі акцияларының құнын төмендетті. 

АҚШ Федералды еңбек статистикасы бюросының деректері бойынша, ақпанда базалық тұтыну бағасының индексі азық-түлік пен қуат көзін қоспағанда, 0,5%-ға артып, бес айда ең жоғары көрсеткішке жетті. ЕОБ наурыздағы отырыстан кейін негізгі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтерді.

Жоғарыда аталған факторлар дамушы нарықтарда валюталардың мейілінше теріс динамикасын көрсетті. Сәйкесінше теңге құнына да әсер еткен. Өткен аптада ұлттық валютасы әлсіреген елдер қатарында Түркия, Үндістан, Оңтүстік Африка, Ресей, Бразилия мен Мексика бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу