Жарты ғасыр бұрын аманат етілген хат оқылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Өткен ғасырдан жеткен Түркістан қаласындағы №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясының ғасырға жуық тарихы бар. Осы білім ұясының шәкірттері мен ұстаздары 1967 жылы ХХІ ғасыр адамдарына арнап хат жазып, оны мектеп ауласындағы соғыс құрбандары ескерткішінің іргетасына арнайы қорапқа салып қалдырған екен. Аталған хаттың елу жылдан соң ашылуы аманат етілген.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар комитетінің басқосуымен 4 қазан күні салтанатты жағдайда елу жыл бұрынғы оқушылар мен ұстаздардың аманаты ашылып, көпшілік алдында оқылды. Хат орыс тілді мектеп болғандықтан сол тілде жазылған (қазір қазақ және орыс аралас мектеп-гимназиясы).
Мұнда мектеп ғимаратының 1939 жылы салынғаны, ол Түркістан қаласындағы тұңғыш екі қабатты нысан екендігі атап көрсетілген. Мектеп айналасы тап-тақыр топырақ болғаны, одан беріде шәкірттер мен ұстаздардың бірлесіп, жеміс ағаштарының отырғызылғандығы және сол ағаштардың мәуелі баққа айналғандығы жазылған. Сонымен бірге, хатқа Ұлы Отан соғысының қасіреті де арқау болыпты.
Мектеп-гимназия директоры Ж.Орынбаеваның айтуынша елу жыл бұрын хатты салу рәсіміне қатысқан Осипова Ольга, Шмарин Михаил, Гүлхан Сәдиқызы және Шприна Нелли бұл жиынға арнайы шақыртылған.
Бүгінгі күні бұл екі қабатты мектеп жанынан 4 қабатты оқу ғимараты, спорт залы мен акт залдары бой көтерген. Бұдан бөлек қала көлемінде тоғыз қабат биіктікке дейін түрлі нысандар салынған.