Алтын Орда дәуірі Ұлы дала өркениетінің саяси, экономикалық және мәдени дамуына айрықша үлес қосты. Бұл ретте тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай өткен тарихты зерттеудің маңызына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алтын Орда – Еуразия тарихында ерекше орын алатын ірі мемлекеттердің бірі. Оның басқару жүйесі, құқықтық тәртібі, сауда жолдары мен мәдени байланыстары көптеген елдердің дамуына ықпал етті. Сондықтан бүгінгі таңда Алтын Орда тарихын жан-жақты зерттеу, ғылыми айналымға жаңа деректер енгізу және оның тарихи мұрасын кеңінен насихаттау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда "Алтын Орданың экономикалық құрылымын жан-жақты зерттеген жөн" деп айтқан болатын.
"Баршамызға белгілі, ежелдегі Месопотамия, Мысыр, Қытай, Үндістан өркениеттері көп жағдайда өзен аңғарларын игеру арқылы қалыптасты. Ал Ұлы дала мүлде басқа тарихи даму жолынан өтті. Осыдан бес мың жыл бұрын қазіргі Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Ботай жерінде адам баласы ең алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Бұл әлем тарихына түбегейлі жаңа сипат берген оқиға болды. Атқа міну мәдениетімен қатар дала өркениетінде стратегиялық ойлау қабілеті және мейлінше қолайлы өмір сүру салты пайда болды. Осылайша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр даласындағы барлық негізгі көлік, сауда және гуманитарлық байланыстарды бақылауда ұстап, салт атты көшпенділер өркениетінің ең биік шыңына көтерілді", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Алтын Орда мәселесін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарды бірлескен жұмысқа тартып, ғылыми еңбектер мен кітаптарды көбейту қажет екенін де айтты.
"Алтын Орданың" орта ғасырлық ресми атауы – Ұлық ұлыс. "Алтын Орда" терминін кейінірек поляк ғалымдары енгізген. Олар хан ордасындағы алтын түсті күмбезді көріп, мемлекетті осылай атаған. Кейіннен XIX ғасырда және кеңестік кезеңде бұл атау кеңінен қолданылып кетті", – дейді тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай.
Тарихшының айтуынша, Алтын Орданың 250 жылдық тарихы оның тұрақты мемлекеттік құрылым болғандығын көрсетеді.
"Басқару жүйесі өз заманында өте тиімділігімен ерекшеленген: салық жинау, кеден ісі, алыс қашықтыққа ақпарат жеткізу (логистика) жүйесі өз дәуірі үшін өте озық болды. Қарақорымнан шыққан бұйрықтар, өкімдер қысқа уақыт ішінде мемлекеттің шалғай аймақтарына дейін жетіп отырған. Сондықтан Алтын орданың мемлекеттік баскару тәжірибелерін жан-жақты зерттеу маңызды", – деп атап өтті сарапшы.
Бұл ретте Дастан Сәтбай өткен тарихты зерттеудің маңызына тоқталды.
"Тарих бейбітшілікке қызмет етуі тиіс. Тарихи деректерде негізінен қырғын соғыстар туралы мәліметтер сақталған да бейбіт өмір туралы мәліметтер сақталмаған. Сондықтан славяндар мен түркілер үнемі соғыса берген сияқты болып көрінеді. Ал шын мәнінде олай емес, олар бейбітшілік жағдайда да өмір сүрген. Деректерде соғыстар туралы айтылып, олардың бейбіт өмір сүрген уақыттарының да болғандығы назардан тыс қалып қойған. Бұған дейінгі тарихтың кемшілігі сонда – деректердің барлығында соғыс туралы ғана жаза бергендігінде. Бұған дейін "егер бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал" деген римдік қағида үстем болған. Бүгінде бұл қағида ескірген. Дұрысы "бейбітшілікті қаласаң, бейбітшілікке дайындал!" болуы тиіс. Тарих тағылымы осындай", – дейді тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай.
Жалпы алғанда тарихшылар Ұлық ұлыстың бүгінгі күнге жеткен ең маңызды мұрасы – әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында өзара татулық пен сыйластықта өмір сүре білгенін айтады. Алтын ордадағы түрлі халықтар мен діни қауымдар өкілдері этникалық немесе діни айырмашылықтарға байланысты ірі ішкі қақтығыстарға жол бермеген. Бұл қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпаған тарихи тәжірибе болса керек.
Қалай десек те, тарих арқылы біз өткенімізді танып қана қоймай, болашақты дұрыс бағдарлай да аламыз. Өйткені тарихи мұраны ғылыми тұрғыда зерделеу ұлттың тарихи санасын нығайтып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Сан ғасырлық тарихымызды терең әрі байыпты зерделеу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Өткенін білетін елдің болашағы да нық болатыны даусыз.