ШҚО-да әр түрлі салада мамандар жеткіліксіз. Осыған байланысты облысқа өзге аймақтардан мамандар тартылуда, деп хабарлайды altaynews.kz.
Өткен жылы ШҚО-ға 1816 адам – 608 отбасы келіп қоныстанған. Оңтүстік аймақтардан қазақ және ағылшын тілі, дене шынықтыру, еңбек пәнінің мұғалімдері, психологтар, медицина мамандары, есепшілер, электромонтерлер мен ветеринарлар келуде. Қоныс аударғандардың 364-і жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, келушілердің бизнес-идеяларын жүзеге асыру мақсатында 100 АЕК мөлшерінде грант бөлінген екен. Облыстың жаңа тұрғындарының бірі грант арқылы пеш сатып алып, тандыр пісіріп, сатуда. Енді бірі қонақүй мен дәмхананы жалдап, өз кәсібін бастаған.
Шемонаиха ауданында келген мамандарға өткен жылы 60-пәтерлі үй салынып, пайдалануға берілген.
Одан бөлек, 2019 жылы шығысқазақстандық оқу орындарында "Серпін" бағдарламасы бойынша 208 студент мамандық алып шығады. Бұл бағдарламаның міндеті – еліміздің солтүстігі мен шығысында оңтүстіктен келген жастарды жұмысқа орналастыру. Ережеге сәйкес, түлектер біздің облыста оқуын бітіргеннен кейін үш жылдай жұмыс істеуге міндетті.
Айта кетсек, Қазақстандағы жұмыс күші мол аймақтар ретінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызыорда облыстары мен Шымкент қаласы аталады.