Өткен жылы СҚО жолдарында жүзден аса жаяу жүргіншіні көлік қағу оқиғасы тіркелді

549

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында былтырғы жылы адамдар зардап шеккен 382 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 

Өткен жылы СҚО жолдарында жүзден аса жаяу жүргіншіні көлік қағу оқиғасы тіркелді Фото: polisia.kz

Оның 105-і жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Бұл жол-көлік апаттарында 9 адам қаза тауып, 109 адам дене жарақаттарын алған, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап. 42 фактіде жаяу жүргіншілер жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. 12 ай ішінде өздерінің абайсыздығынан 3 адам қаза тауып, 42-сі түрлі дене жарақаттарын алған.

"Осындай фактілердің жартысынан астамы облыс орталығында болған, мұндай – 25 факті. Өйткені мұнда көлік қозғалысы көп. Мұндай фактілер көбінесе адамдар көп жиналатын орындарда болады. Адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу – осы сияқты фактілерді анықтау барысындағы полиция қызметкерлерінің басты мақсаты. Жыл басынан жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары – велосипедшілер, электросамокаттардың иелері және көлік құралына жатпайтын басқа да қозғалыс құралдарына 6873 хаттама толтырылды. Жол қозғалысы қатысушыларының жолдағы тәртібі ғана қайғылы оқиғалардың алдын алады", – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жолдың рұқсат етілген орындарынан өтер кезде де сақ болуды ескертеді. Көлік жүргізушілерінің барлығы жол беріп жатқандығына көз жеткізген жөн. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде өзекті. Өйткені жылдамдығы жоғары көлік құралы тоқтай алмай қалуы мүмкін. Құлаққап киіп, жалбағайын көтеріп алған жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға ерекше қауіп төнеді. Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысының қатысушыларынан жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды және кәмелетке толмаған балаларға көшелер мен жолдардағы қауіпсіз жүріп-тұруды үйретуді сұрайды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу