Өткен жылы Түркістан облысында 55 845 бала туылып, 10 418 адам көз жұмды

1379

2019 жылы халық саны 36 мыңнан астам адамға артты.

Өткен жылы Түркістан облысында 55 845 бала туылып, 10 418 адам көз жұмды

Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, Түркістан облысындағы халық саны 2 018 116 адамды құрайды. Оның 405 539-ы қалалықтар болса, 1 612 577  тұрғын ауылдық жерде тұрады. Бұл 2019 жылдың басындағы көрсеткішпен салыстырғанда  халық саны 36 369 адамға өсті деген сөз.

"Халықтың жалпы санының өзгеруіне тікелей табиғи өсім, яғни, туылғандар мен өлгендер санының өзгеруі және көші-қон өсімі әсер етеді.

Облыста 2019 жылғы қаңтар-желтоқсанда халықтың табиғи өсімі 45 427 адамды құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға өсті (1 276 адамға). Республика бойынша біздің облыс туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша 1-орында. Өткен жылы облыстың туу бойынша республикадағы үлесі 13,9%-ды немесе 55 845 туылғандарды құрады.  

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 10 418 адамды құрады, бұл 2018 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 4,9%-ға көп (2018 жылғы қаңтар-желтоқсанда – 9 933 адам)",-деді Айдар Әбілдабеков.

Есесіне Түркістан өңіріне еліміздің өзге облыстары мен шет елдерден 55 385 адам көшіп келіп, 2018 жылмен салыстырғанда 10 298 адамға артты. Оның 55 062-сі Қазақстанның басқа облыстарынан қоныс аударып келген болса, 323-і шет елдерден келгендер.

Былтыр Түркістан облысынан 66 665 адам көшіп кеткен. Оның 66 335-і еліміздің өзге облыстарына, қалған 400 адам шет елдерге қоныс аударған.

Өткен жыл облыста шаңырақ көтергендер саны артқан. Мәселен, 13 950 неке тіркелсе, өкіншке орай 3 513 отбасының шаңырағы шайқалды. 2018 жылмен салыстырғанда ажырасу 11,8%-ға артып отыр.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу