Оқиға сағат 17:00 шамасында болған, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, жыртқыш көшеде ойнап жүрген 2 балаға тап берген. Салдарынан 15 жастағы жасөспірім мен 4 жасар қыз зардап шекті.
Көмекке келген ауыл тұрғыны Талғат Мыңбаев шибөріні ұрып өлтірген. Алайда балаларды арашаламақ болған кезде жыртқыш оған да шабуылдап, жарақаттаған. Оқиғадан кейін олар дереу Отырар аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, ветеринариялық қызмет мамандары шибөріден құтыру ауруына күдікті патологиялық материал алып, аудандық зертханаға жолдады.
– Зардап шеккендерге құтыруға қарсы профилактикалық екпе салынды. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында. Бір адам ауруханада ем қабылдап жатыр, – делінген хабарламада.
Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында шибөрі анықталған аумақ пен зардап шеккен тұрғындардың аулалары залалсыздандырылды.
Жағдай тиісті қызметтердің бақылауына алынған.